Кофе
Кофе — тропиктік кофе ағашының тұқымы (кофе бұршағы немесе дәні), сондай-ақ олардан дайындалатын өзіндік дәмі бар жағымды хош иісті сусын. Кофе дәнінде: клетчатка, азотты заттар, кофеин, қант, май, минералды тұздар бар. Құрамында кофеин мөлшерінің көптігіне байланысты табиғи кофеден жасалған сусындар орталық жүйке жүйесін қоздырады және сергітеді. 1 шай қасық ұнтақ кофеде 0,07-0,1 г кофеин бар. Дені сау және қан қысымы төмен адамдардың еңбек қабілеттілігін арттыруға, жүрек қызметін күшейтуге осы мөлшер жеткілікті. Кофе сондай-ақ, ішкі секреция бездерін де қоздырады. Жүйке жүйесі өте сезімтал, жүрегі ауыратын, қан қысымы жоғары, нашар ұйықтайтын адамдарға тым қою кофе ішуге болмайды. Сондай-ақ асқазаны ауыратындарға да кофенің зияны бар. Дені сау адамның өзіне де кофені көп ішуге болмайды. Әсіресе кофені ұйықтар алдында ішпеу керек. Кофе шикі, қуырылған, ұнтақталған, никориймен араласқан күйінде сатыл алады. Кофенің шикі дәндерінен сусын дайындауға болады, оны шойын табаға қуырып, ұдайы араластыра отырып, қоңырқай тартқанша баяу жанған отқа ұстайды. Кофе дәндерін үйде кофе уатқышпен майдалауға болады. Кофе ұнтақ күйінде тез бұзылады, хош иісін жоғалтады, сондықтан ұнтақ кофені, қуырылған кофе дәндерін қақпақты шыны не қаңылтыр ыдыстарда сақтаған жөн. Сусынды жаңа ғана тартылған дәннен жасаған тиімді.
Кофе түрлері мен қайнатудың әдістері[өңдеу]
Кофені кофеқайнатқышта қайнатады. Кофе қайнатудың әртүрлі әдісі бар. Қай әдіспен дайындаса да, ұзақ қайнатуға болмайды, өйткені дәмі нашарлайды.
- Варшава кофесі. Қайнатылған қою қара кофені сүзгіден өткізіп, оған сүт пен қант қосып тағы қайнатады, сусындық беті қаймақтанбау үшін дастарқанға қояр алдында ыстық кофені жайлап шайқайды. 1 стақан сусынға 1/3 стақан қара кофе, 2/3 стақан сүт, 1 шай қасық құмшекер керек.
- Қаймақ қосылған кофе. Қара кофені қант қосып қайнатып, стақанға құяды. Әр стақанға 1 шай қасық қант ұнтағы мен көпіршітілген 1 ас қасық қаймақ қосады.
- Балмұздақ қосқан кофе. Қайнатқан қара кофені тұндырып, оған құмшекер қосып суытады. Дастарқанға қоярда бокалға (фужерге) 50 г майлы балмұздақ салып, үстіне суытылған кофе құяды.
- Шығыс кофесі (рецептердің біреуі) «Түрке» деп аталатын кофе қайнататын арнайы кастрюльге су құйып, құмшекер қосып қайнатады. Қайнаған суға майдаланып ұнтақталған кофені салады; кофе қайнап, көтеріле бастағанда «түркені» оттан алады да, көбігі басылған соң тағы бір рет қайнатады. «Түркені» ішіндегі кофесімен (сүзгіден өткізбей-ақ) дастарқанға қояды. Сосын кофе тұнғаннан кейін (тез тұндыру үшін кастрюльге 1 шай қасық суытылған қайнаған су құюға болады) кеселерге құйып ұсынады. Кішілеу кесеге (50—55 г су сиятын): 1 шай қасық кофе, әркім өз қалауынша құмшекер қосады.
- Қуырылған, ұнтақталған өсімдік дәндерінен (мысалы, арпа, емен жаңғағы, каштан жемісі) дайындалатын жасанды кофелер де сатылады. Дайындау жолдарына қарай жасанды кофелер табиғи кофе қосылған және табиғи кофе қосылмаған болып үлкен 2 топқа бөлінеді. Дайындау әдісі этикеткасында жазылады.[1]
Тағы қараңыз[өңдеу]
Дереккөздер[өңдеу]
- ↑ Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |